Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы – мемлекеттің халыққа жасап отырған қамқорлығының нақты көрінісі. Былтыр қолға алынған қанатқақты бағдарламаның аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген үй иелері бүгінде жаңғырған жайлы баспаналарында тұрмыс кешуде. «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аталған саланы жаңғырту және қуат шығынын төмендету мәселелеріне қатысты Елбасының тапсырмасына орай жасалды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңы бойынша пәтер иелері міндетті түрде жалпы үйдің шығындарын өтеуге, оны сақтауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан, бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Екі тетікпен жүзеге асатын бағдарламаның бірінші тетігі бойынша үйлерді толық кешенді жөндеуден өткізуді қаржыландыруға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» оператор болып табылады. Осы орайда «Тараз» ӘКК» АҚ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Еркебұлан ЕРАЛЫМЕН сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Бағдарлама бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» қандай міндеттерді жүзеге асырады?
– Корпорация «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруға атсалысады. Бағдарламаға сәйкес мамандандырылған өңірлік ұйым ретінде мынадай міндеттерді атқарады: атқарушы органдармен және пәтер иелері кондоминиум нысандарымен жөндеу жұмыстарын орындау жөнінде келісімшарт жасайды; осы келісімшарт негізінде төлем аударады; келісімшартқа қатысушы пәтер иелерінен мекемеге сот арқылы қарызын өндіреді.
– Өткен жылы облыс орталығында алдымен қандай үйлер жөнделді? Жөндеу аяқталған соң қандай кемшіліктер байқалды?
– 2011 жылы бағдарламаның бірінші тетігі бойынша республикалық бюджеттен бізге 120 000 мың теңге бөлінді. 118 126,5 мың теңгеге 11 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, қасбеті, ескірген инженерлік жүйелері мен подъездері күрделі жөндеуден өтті. Ал, биылғы жылы 312 500 мың теңге бөлу жоспарланған.
Өткен жылы бағдарлама бойынша бөлінген қаржыға Тараз қаласындағы Төле би көшесіндегі №72, Рощинская көшесіндегі № 30, Қойбақов көшесіндегі № 6, Сәтпаев көшесіндегі №26, Жамбыл көшесіндегі №18/1, Көшеней көшесіндегі №43/2, Достоевский көшесіндегі №3, «Ақбұлақ» ықшам ауданындағы №21, «Қаратау» ықшам ауданындағы №17, «Қарасу» ықшам ауданындағы №2, 10 үйлер күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, ешқандай кемшіліктер анықталған жоқ. Тұрғындар тарапынан шағым түспеді. Келісімшартта кепілді мерзім үш жылдың ішінде қандай да бір олқылықтар орын алса, «Тараз» ӘКК және үй тұрғындарының талап етуімен мердігер оны жоюға міндетті.
Бағдарламаға сәйкес, мердігерді жалпы жиналыс өткізу арқылы пәтер иелерінің өздері таңдайды. Осыған байланысты мынадай талаптарға сай келетін құрылыс фирмалары мердігер бола алады: кәсіптік біліктілігі және осы салада кем дегенде үш жыл тәжірибесі, бағдарламаға қатысуға азаматтық құқықтық бейімі, сот ісіне тартылмаған болуы, шеккен зияндары және кредиторлық қарызы болмауы, атқарған жұмысына жеті жылдан кем емес мерзімге кепілдік беруі, жалақы төлей алуы шарт. Бұл талаптар мердігер ұйымдардың жауапкершілігін көтеру және корпорацияның қаупін төмендету үшін жасалған. Бір атап айтатыным, мердігерлерге басты талап қойып таңдайтын тұрғындардың өздері. Алдағы уақытта ӘКК-на тұрғындардан шағым түскен мердігерлерге жөндеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік бермейміз.
– Ал, биылғы жылы бағдарлама бойынша қанша үйді жөндеу көзделуде?
– Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы жылға 312 500 мың теңге бөлу жоспарланған. Жөнделетін үй саны атқарушы органға түскен кондоминиум нысандарының сұранысына байланысты. Бүгінде 4 сұраныс түскен, бірақ бағдарламаның талаптарына сай келмейтіндіктен өтініштері қанағаттандырылмады. Сондықтан, кондоминиум нысандарының белсенді жұмысын көргіміз келеді.
– Бағдарламаны жүзеге асыруда қандай кедергілер кездесіп отыр?
– Кондоминиум нысандары арқылы басқарылатын тұрғын үй қожаларының төмен белсенділігі және олардың міндеттеріне пәтер иелерінің қанағаттанбауы. Бұл мәселені тек барлығы бірлесе отырып қимылдағанда ғана шешуге болады. Сондай-ақ, пәтер иелері құрылыс фирмасын таңдауда ортақ шешімге келе алмай қалады. Бағдарлама талабы бойынша жөндеу жүргізілгенде жалпыүйлік автоматты жылу есептегіш құралдары орнатылуы тиіс. Ал, бұл өздерінің жөндеу жұмыстары үшін төлейтін ай сайынғы төлемақысының мөлшеріне әсер ететіндіктен, тұрғындар бас тартып жатады. Мұның тиімділігін түсінбегендіктен осылай. Әйтпесе, мұның бір пайдасы коммуналдық төлемақы үнемделетіндігінде. Өйткені, орнатылған жылу есептегіш құралдар күннің жылы-суықтығын ескеріп, қуат беруді өздері реттейді. Cөз соңында айтарым, тұрғын үй жайлылығына мүмкіндік беретін бір ғана жол – осы бағдарламаны тұрғындар өз игіліктері үшін екендігін дұрыс түсініп, атсалысса деймін.