Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Жаңатас жаңара түсті

2011-11-23
Жаңатас жаңара түсті

Жаңатас қаласы қырық жылдан аса ғұмырында өрлеу кезеңін де, құлдырау шақты да басынан өткізді. Кезінде алпыс мыңға жуық халық тұрған кеншілер шаһары сары алтындай фосфор шикізатымен айдай әлемге аты шықты. Нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде «Қаратау алыбы» саналған іргелі кәсіпорыннан береке кетіп, мыңдаған адам еңбек ететін комбинат тоқырауға ұшырады. 30 мыңға жуық адам еңбек еткен, қаланың инфрақұрылымын ұстап тұрған өндіріс орны тұйыққа тірелген соң, Жаңатастың басынан бақ кетіп, халық басқа өңірлерге үдере көшіп жатты. Жантайып қалған қаланы аяғынан тік тұрғызамыз деп кімдер келіп-кетпеді. Ақыры ел экономикасы көтерілген кезде Жаңатасқа да «жан» кіре бастады.
Кеше облыс әкімі Қанат Бозымбаев қаланың тыныс-тіршілігімен танысты, бірқатар өндіріс орындарын аралады. Алдымен облыс басшысы Саудакент ауылы бағытына шығатын жолдың іргесіндегі қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тартылып жатқан су жүйесінің құрылысын көрді.
Құрылысты облыс орталығының «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-нің құрылысшылары жүргізіп жатыр. Мердігер мекеменің бас инженері Александр Бердник бұл жұмысқа ел қазынасынан 1 миллиард 927 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Қанат Алдабергенұлы жұмысқа қанша адам тартылғанын, оның қаншасы жергілікті тұрғындар екенін, қанша техника жұмылдырылғанын, биылға бөлінген қаржының қаншасы игерілгеніне дейін сұрады. Бас инженердің мәлімдеуінше 75 километрге созылатын су жүйесінің құрылысына биыл 500 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күнге 360 миллион теңгесі игеріліпті. «Қазақстан құбыр зауыты» ЖШС-нің Тараз филиалының полиэтилен құбыры қазірге дейін 11,5 километрге тартылыпты. Құрылыста 67 адам еңбек етіп жатса, оның 50-і жергілікті тұрғындар екен. 15 техника жұмылдырылған. Жобада қарастырылған металконструкцияларды құрастыру, бактерицидка қондырғысын орнату, сыртқы қоршау жұмыстарын атқару, 2 сорап стансасы ғимаратын қайта жаңғыртып, хлорлау ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды құрылыс-монтаж жұмыстары 2013 жылдың желтоқсанында толық аяқталып, іске қосылады. Сонда қаладағы 79 көпқабатты және жеке секторлардағы үйлер тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Облыс әкімі өңірге белгілі компанияның жұмысын оң бағалады.
Орталық жылу қазандығы Жаңатастың жүрегі іспеттес. Бетін аулақ қылсын дейік, алда-жалда қыстың қақаған қара суығы мен ақ түтек боранында бір күн жұмысын тоқтатса, қала қатып қалады. Мұны байырғы тұрғындар жақсы біледі. Облыс әкімі де атбасын осында бұрды. «Жаңатас су-жылу» кәсіпорнының директоры Ерімбек Қозыбақов кәсіпорынның жұмысынан толық мағлұмат беріп, жұмыс барысының бүге-шігесіне дейін айтып берді. Жаңатас қала мәртебесін алмай тұрып, 1965 жылы пайдалануға берілген қазандықтың шатырын биыл кәсіпорын өз күштерімен 1 миллион 800 мың теңгеге жөндеп алыпты. Пеш, басқа да жабдықтар облыс тарапынан бөлінген қаржыға күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылыпты. Облыс әкімі қазандықтың жұмысымен жете танысып, жаңасын салу өмір талабы екенін еске салды. Амандық болса, алдағы 3-4 жылдың көлемінде өңірге келіп жатқан инвесторлар арқылы бұл мәселе шешімін табатынын айтты.

Жаңатасқа «жан кірген» соң, қалталы жеке кәсіпкерлер де келе бастады. Миллиондаған теңге қаржы құйып, түрлі өндіріс орнын аша бастаған азаматтар арасында Саят Саянұлының тірлігіне кісі қызығады. Кәсіпкер азамат «Мұнай өнімдерін сақтау және өңдеу» зауытын ашып отыр. Жобаны игеруге қалтасынан 320,0 миллион теңге жұмсаған бизнесмен 35 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жылына 30000 тонна өнім шығарамыз дейді.
Аудан тұрғындарын сапалы және бағасы арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп, бюджет қоржынын толтыруда экономикалық тиімділігі зор шағын өндіріс орнының жұмысымен танысқан Қанат Алдабергенұлы жеке кәсіпкердің шаруасына ризашылығын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.
Бірінші шағын аудандағы жекешеленіп кеткен балабақша ғимаратын қайта сатып алып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бюджеттен бөлінген 45 миллион теңгеге ине-жіптен өткендей болып, жаңарып-жайнаған балабақша бүлдіршіндердің шат-күлкісіне толды. Немересін жетектеген әжесі мен атасының да, бала тәрбиесінен қолы босап, жұмыс орындарына қайта оралып жатқан келіндердің де қуанышты жүзін аңғарасың.
Қыстың ызғары облыста бірінші болып Жаңатаста сезіледі. Алайда, күннің суығын елеп жатқан ешкім жоқ. Кіммен пікірлессек те сәбилерді шексіз қамқорлыққа алып жатқан Елбасына алғыстары шексіз. Бұл саясатты өңірде тамаша жүргізіп отырған облыс әкіміне де риза. «Балапан» аталатын осы бүлдіршіндер ордасының ашылу салтанатына арнайы келген Қанат Алдабергенұлы құттықтау сөзінен соң, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, Жаңатастан алдағы жылдары тағы да 300 орындық балабақша ашылатынын жеткізді. Балалар ордасына түрлі-түсті теледидар мен балғындарға үлкен торт сыйлады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов пен ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз Сапаркүл Шермағанбетова қалаға, ауданға жасап жатқан қамқорлығы үшін облыс әкіміне алғыс айтып, жерлестерінің қуанышымен бөлісті. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысын жүргізген «Еңбек-Жамбыл-Еңбек» мекемесінің директоры Рустам Рахимов балабақша меңгерушісі Жанаш Стамбековаға мекеменің символдық кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Осы шағын аудандағы бұзылып кеткен 32 үйді жөндеп, қалпына келтіруге 201,1 миллион теңге қаржы бөлінді. «АқБарысСауда құрылыс» ЖШС үйді қалпына келтіруге тамыз айында кіріссе де негізгі жұмысты аяқтапты. Мердігер мекеме директоры Қайрат Қайрақбаевтың баяндауынша, үй жыл аяғында пайдалануға беріледі. Облыс әкімі оған жұмыстың сапасына айрықша мән беруді жүктеді. Одан кейін қалалық әкімдіктің алдында қойылған аудандық көгалдандыру, көріктендіру мекемесінің жаңа техникаларын көрді.
Сыртта бизнесте жүрген сарысулықтар да «Туған жерге туыңды тік» қағидасын ұстанып, ауданға оралып жатыр. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Бақытжан Мелдебеков. Ол қала орталығындағы бос қалған көпқабатты үйден «Байменов М.С.» ЖШС-нің сүт өңдеу цехын ашады. Оған 18 миллион теңге жұмсапты. Жартысы өзінің қаржысы, жартысын «ҚазАгроҚаржыдан» несие түрінде алыпты. Жылына 350 тонна сүт өндіріп, тұтынушыларға жөнелтуді көздеп отыр. Қазір онда 8 адам жұмыс істейді. Бақытжан Өндіріс ауылының маңынан сүт фермасын ашуды да жоспарлауда. Онда 200 басқа дейін ірі қара малын ұстамақшы. Облыс басшысы жеке кәсіпкердің жаңа жобасына қызығушылық танытып, облыс тарапынан қолдау-көмек болатынын жеткізді.
Одан кейінгі сапар «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің «Ұнтақтау-сұрыптау» фабрикасы мен «Парамит» зауытына жалғасты. Кәсіпорын директоры Мұратқали Сәрсенов фабриканың, жалпы комбинаттың тыныс-тіршілігі туралы облыс әкімін хабардар етті. Тау-кен жұмыстарына қолданатын жарылғыш заттар шығаратын «Парамит» зауытының өнімін осы комбинат тұтынады. Сондықтан өнімді өткеруде ешқандай қиындық жоқ.
Қанат Алдабергенұлы Жаңатасқа жасаған жұмыс сапарын қорытындылап, облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.
– Жалпы Сарысу ауданында биылғы жылы жағдай жақсарды. Өндірісте өрлеу бар. Мен 2009 жылы осы өндіріс орнының жұмысымен танысқанда жұмысшылардың орташа жалақысы 45 мың теңге болатын. Қазір 60 мың теңгеге өсіпті. Жаңа жарылғыш заттар жасайтын зауыттың жұмысымен таныстық. Қажетті өнім өзімізде өндіріліп жатыр. Жаңатаста бизнестің жарқын көрінісін көрдік. Жеке кәсіпкер Б.Мелдебеков 200 бас ірі қараға арналған сүт фермасын ашамын дейді. Құптайтын тірлік. Қысқа дайындықты көрдік. Ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталған соң, жаңатастықтар тәулік бойы су алатын болады. ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған соң, солай болуы керек. Аудан әкіміне тағы бір көпқабатты үйді жөндеу үшін құжаттарын дайындауды тапсырып отырмыз. Ал, қалпына келтіруге жарамайтын үйлердің орнын тазалау да алдағы күндердің міндеті болмақ. Қалада спорт кешені салынады. Сарысу ауданынан да даңқты спортшылар шыққан. Жастарымыз солардың жолын жалғастырады.
Биыл «Жол жылы» деп жарияладық. Оның шапағатын облыстың басқа өңірлері сияқты сарысулықтар да көріп жатыр. Ресейдің аса ірі «Эврохим» компаниясы келеді. Құжаттары реттеліп бітті. Тек қана Үкіметте қол қою ғана қалды. Ертең осында қоғамдық экологиялық тыңдау өтеді. Онда мәселе шешімін табады деп отырмыз. «Сарысуда ауыл шаруашылығы дамымаған» дейді – бекер сөз. Мұнда барлығы бар. Суармалы жер де, жайылымдық жер де жетеді. Бір сөзбен айтқанда, ауданның даму мүмкіндігі өте жоғары.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев Жаңатас қаласына жасаған сапарында онымен бірге аудан әкімі Жангелді Омаров жүрді.